Қостанайда әскери бөлімнің экс-майоры пара алғаны үшін сотталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қостанай гарнизонының әскери соты ҚК-нің 366-бабы 3-бөлігінің 1-тармағымен (лауазымды адаммен айтарлықтай мөлшерде қорқытып алу жолымен пара алуы) көзделген қылмысты жасаған үшін сотталған 6697 санды әскери бөлімнің бұрынғы жауынгерлік дайындау бөлімшесінің бастығы майор Т-ға  қатысты үкім шығарды.

Үкім әскери бөлімде, жеке құрамның мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен жарияланды, деп хабарлайды ҚР Әскери сотының баспасөз қызметінен.

Қылмыстық істің материалдары бойынша майор Т.  лауазымды тұлға бола тұра 2016 жылғы 9 желтоқсанда, Қостанай қаласында, бопсалаушылық арқылы аталмыш әскери бөлімнің келісімшарт бойынша әскери қызметшісі ефрейтор С-дан, жалпы қамқорлық жасау үшін 150 000 теңге көлемінде пара алғаннан кейін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің қызметкерлерімен қолға ұсталған.

Сот үкімімен әскери қызметші Т. айыпталған қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған мүлікті тәркілеуімен, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, оған параның жетпіс еселігі көлеміндей - 10 500 000 теңге айыппұл жазасы тағайындалды.

Қылмыстық кодекстің 49 -бабына сәйкес сотталушы «майор» әскери атағынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.