Заречный ауылындағы «Арғымақ» ипподромына жиылған жұрт қарасы қалың. Себебі, мұнда 2018 жылғы ат спорты маусымының соңғы бәйгесі ұйымдастырылды. Аламан басталмай тұрып,тұрғындарға әуесқой спортшылар «Қыз қуу» ойынын көрсетті. Сондай-ақ, қостанайлықтар «Теңге ілу», «Жамбы ату» сияқты ұлттық спорт ойындарын тамашалады.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Вильямстің сөзінше, жыл қорытындысына арналған ат спорты ойындарына 50 сәйгүлік қатыстырылды. Оның ішінде аламан бәйгеге республиканың түкпір-түкпірінен барлығы 14 тұлпар әкелінді.
Солардың ішінен қарағандылық Мұрат Есмағанбетовтың арғымағы мәрені бірінші қиды. Тұлпар иесі Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» машина зауытынан шыққан JAC маркалы автокөлікті мінді.