Қостанайда ауқымды мал шаруашылығы техникасы көрмесі өтеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 7 тамыз күні Қостанай облысының Қарасу ауданы Восток ауылында асыл тұқымды малды сатуға арналған «KARASU Farm-2014» аукционы аясында мал шаруашылығына қажетті құрал-жабдық пен техниканың ауқымды көрмесі өтеді.

Шараны ұйымдастырушылар - «Қазагромаркетинг» АҚ және «Қарасу» сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС, деп хабарлайды «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің баспасөз қызметінен.

Мамандырылған көрме барысында қатысушылардың назарына ауылшаруашылығы жануарларына арналған құрама жем өндіретін «AGRAVIS Raiffeisen AG» неміс концерні жаңа зауыты шығаратын жем үлгілерін ұсынатын болады. Айта кетейік, бұл зауыт ауылшаруашылық жануарларының барлық түрлеріне және құсқа арналған ұнтақ тәріздес, құрамдалған шашыранды және түйіршіктелген құрама жем мен концентраттар шығарады. Жануардың дамуындағы белгілі бір кезеңінде азық беруді есептей отырып әр шаруа қожалығына арнап шығарылатын құрама жемнің рецептурасын жасау барысында тапсырыс берушінің нақты көздеген мақсаттары есепке алынады: ет көлемі, жұмыртқа саны, сауылған сүттің ұлғаюы және т.б. Өнім ірі сүт-тауар фермаларына, бордақылау алаңдарына, құс фабрикаларына, сонымен бірге кішігірім шаруашылығы және жеке қожалығы барларға арналған. Кәсіпорын бүгінгі күннің өзінде нарықтың 100% құрама жеммен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Сонымен бірге ауылшаруашылығы техникаларын көрсету бойынша өткізілетін демонстрациялық шоу көрме қатысушылардың қызығушылығын тудырады деп күтілуде. Көрме барысында ауылшаруашылығы техникаларының мүмкіндіктері паш етілмек, телескоптық жүк тиеуші машиналар ерекше тапсырмаларды орындап, жаңа қырынан танылады. Көрме аясында жануарларға арналған сауатын қондырғылар, суаруға арналған автоматты жүйелер, мастит детекторлары, малдың буаздылығын және патологияларын анықтауға арналған ультрадыбыстық сканерлер тәрізді құрал-жабдықтар да көрсетіледі. Алдын ала хабарланғандай, сатылымға 50 бас асыл тұқымды бұқа шығарылады. Оның ішінде 34 бас мал - қазақ ақбас тұқымы және 16 бас бұқа - әулиекөл тұқымы. 2 басы асыл тұқымды жылқы мен түйе, 20 бас қазақ құйрықты қылшық жүнді қойы мен 12 бас шошқа сатылады. Отандық шаруалардың назарына өнімділік қасиеті жоғары ең сапалы жануарлар көрсетілетін болады. Көрмеге қатысуға өтініштер Қазақстанның барлық аймақтарынан және шетел мемлекеттерінен келіп түсуде. Аталмыш шара мал өсірумен айналысатын қазақстандық шаруаларға әріптестерінің табысты тәжірбиесімен алмасуға мүмкіндік бермек.