Қостанайда ауыл тұрғыны граната тауып алды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысы Қарабалық ауданы Елшанка ауылынан әскери граната табылды. Бұл ақпаратты Қостанай облысы ТЖД баспасөз бөлімі растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Халық арасында «лимонка» деп аталып кеткен жарылғыш зат 56 жастағы тұрғын үйдің қорасынан табылды.

«Полиция қызметкерлері жүргізген арнайы шаралар барысында оның Ф-1 жаяу әскерге қарсы қорғаныс гранатасы екені анықталды (аздап тот басқан), - деп түсіндірді ТЖД баспасөз қызметі. - 22 сағат 45 минутта ІІД қызметкерлері Ф-1 гранатасын жару арқылы залалсыздандырды. Зардап шеккендер жоқ».

Қостанай облысы ІІД баспасөз қызметінің анықтауынша, үй тұрғыны гранатаны бір жыл бұрын марқұм күйеуі тауып алғанын айтуда. Оны қораға әкеп қоя салған. Күйеуі қайтыс болған соң, жарылғыш затты мүлдем ұмытып кеткен. Тек, 8 ақпан күні жесір әйел қора ішін жиыстырып жүргенде тауып алған.

Полиция ҚР ҚК 287-бабы, 3-бөлімі (қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды заңсыз сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.