Полицияның мәліметінше, жол апаты 25 қазан күні кешке болған. Volkswagen Passat көлігінің жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін бұзып, полиция қызметкерлерінің тоқтау туралы талабына бағынбай, қозғалысын жалғастырған.
Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы мен Алтынсарин көшесінің қиылысында жүргізуші бағдаршамның тыйым салынған түсіне өтіп, жолаушылар автобусымен соқтығысқан.
Апат салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты, ал жолаушысы ауруханаға жатқызылды.
Соқтығыс кезінде автобуста 55 адам болған. Олардың екеуіне медициналық көмек оқиға орнында көрсетілді.
Оқиғаға қатысты полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қазір жол апатының мән-жайы анықталып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін СҚО-да бес көлік соқтығысқан жол апатынан қаза тапқандар саны төрт адамға жеткенін хабарлаған едік.