Қостанай қалалық сотында азаматша Г.-ның азаматша К.-ға ақшалай қаражатты қайтару және моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюы бойынша азаматтық іс қаралды.
Сотта анықталғандай, 2024 жылғы қазанда жауапкер талапкерге хейлопластика (ерін пластикасы) операциясын жасап, ол үшін 120 000 теңге алған. Кейін алғашқы операцияның нәтижесі талапкерді қанағаттандырмағандықтан, 2025 жылғы сәуірде құны 90 000 теңге болатын қайта операция жасалған.
Уәкілетті орган жүргізген тексеру барысында жауапкердің «Пластикалық хирургия» мамандығы бойынша маман сертификатының және медициналық қызметпен айналысуға арналған лицензиясының болмағаны анықталған.
Іс бойынша кешенді сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысына сәйкес, операциялар барысында тіндердің шамадан тыс алынуы салдарынан талапкердің жоғарғы ернінде тыртықты деформация қалыптасқан. Жүргізілген хирургиялық араласулар мен туындаған зардаптардың арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс анықталған. Талапкердің денсаулығына келтірілген зиян орташа ауырлықтағы зиян ретінде бағаланған.
Сот жауапкердің тиісті бейіндік білімі мен лицензиясы болмай тұрып медициналық қызмет көрсеткенін, сондай-ақ медициналық құжаттаманы рәсімдемегенін, соның салдарынан талапкердің денсаулығына зиян келтірілгенін анықтады.
— Сот шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылды. Жауапкерден талапкердің пайдасына 210 000 теңге — операциялар үшін төленген қаражат, 700 000 теңге — моральдық зиянның өтемақысы және 457 000 теңге — сот сараптамасын жүргізуге жұмсалған шығын өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ, — делінген хабарламада.
Бұған дейін жүктілігі үзіліп, мүгедектік алған әйел ауруханадан 5 млн теңге өндіріп алғанын жаздық.