Қостанайда аймақтық медиафорум өтті

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай аймақтық медиафорум өтті. Оған өңір әкімі Архимед Мұхамбетов қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде Қостанай облысында 120-дан астам БАҚ тіркелген. Олардың әрқайсысы өз өңірлеріндегі маңызды оқиғаларды тұрғындарға жеткізіп келеді. Атқарушы билік өкілдері де баспа құралдары, телеарналар мен радиолар арқылы қостанайлықтарды толғандыратын мәселелерді біліп отыр. БАҚ билік пен халық арасындағы алтын көпір саналады. Сондықтан да Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнінің маңызы зор. Биыл 1993 жылы қызмет көрсете бастаған «Алау» телеарнасы - 25 жылдығын, Таран аудандық «Шамшырақ-Маяк» газеті 80 жылдық мерейтойын атап өтеді. Барша БАҚ өкілдерін төл мерекелерімен құттықтаймын», - деді Архимед Мұхамбетов медиафорумның ашылу салтанатында.

Әкім сөзінен соң Елена Төребекова, Татьяна Башкатова сынды ақпарат және байланыс саласының мамандары баяндама оқыды. Сондай-ақ, Астанадан арнайы шақыртумен келген қонақтардың арасында Қанат Әуесбай, Михаил Дорофеев сынды мамандар болды. Олар жергілікті журналистерге семинар-сабақ өткізді.

Медиафорум Л.Толстой атындағы облыстық кітапханадағы журналистер семинарымен жалғасты. Сарапшылар ақпараттық саясат, ақпараттық контент, интернет порталдардағы мақалалар тақырыптарында дәріс оқыды.
 

Айта кетейік, бүгін еңбегімен еленген бірқатар БАҚ қызметкері облыс әкімінің арнайы сыйлығына және түрлі алғыс-марапаттарына ие болды. Олардың арасында «ҚазАқпарат» ХАА Қостанай облысындағы меншікті тілшісі Жанна Мұсабаева да бар. Әріптесіміз «Өңірлердің дамуы - елдің дамуы» аталымында жеңімпаз атанды.