Қостанайда Азиада алауы шеру тартып келеді

None
ҚОСТАНАЙ. 20 қаңтар. ҚазАқпарат /Петр Плахотников/ - Бүгін Қостанайда Азиада алауының шеруі басталды. Облыс орталығы осы спорттық ойындардың символын қарсы алып отырған Қазақстанның 16 қаласының тоғызыншысы болып отыр.

Алау Қостанайға кеше кешке арнайы чартерлік рейспен жеткізілді. Бүгін талтүсте ол Қостанай көшелерінде пайда болды. Эстафетаның бірінші сатысы қостанайлық Сити-орталықтан бастау алды. Азиада алауын қала көшелерінде 60 алаугер алып жүреді, олардың арасында танымал спортшылар, спорт журналистері, облыста спорт қозғалысына белсенді қолдау көрсетіп отырған азаматтық қоғамның және бизнес-құрылымдардың өкілдері бар.

13 сағат 30 минуттан бастап екі сағат бойына Сити-орталықта Азиада алауы арнайы кеседе жанып тұрады. Қостанайлықтар мен қала қонақтары осы айтулы шараға зор қызығушылық танытуда. Эстафетаның екінші сатысы Сити-орталықтан бастау алып, Спорт сарайындағы гала-концертпен аяқталады. Оның соңында Азиада алауы салтанатты түрде Петропавлға аттандырылады.