Қостанай облысы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары ата-аналардан түскен шағымдардан кейін лагерьге жоспардан тыс тексеру жүргізген.
Тексеру қорытындысы бойынша Алтынсарин ауданының бас мемлекеттік санитар дәрігері жедел әрекет ету шараларын қолдану туралы бірнеше қаулы шығарған.
Атап айтқанда, асханадағы тоғыз қызметкер міндетті медициналық тексеруден және гигиеналық оқытудан өтпегендіктен, уақытша жұмысынан шеттетілді.
Сондай-ақ санитар дәрігерлер балаларды тамақтандыруда қолдануға тыйым салынған бірқатар өнімді пайдалануға жол бермеді. Олардың қатарында — өсімдік-май қоспасы (спред), ірімшік өнімі, үй жағдайында өндірілген сүт пен жұмыртқа, сондай-ақ жеміс шырындары бар.
Бұдан бөлек, № 2 және № 3 ұйықтайтын корпустардың жұмысы уақытша тоқтатылды, себебі онда су жылытқыштар жұмыс істемеген. № 4 корпус та қолжуғыштың істен шығуы және кәріз жүйесінің бітелуі салдарынан жабылған.
Лагерьдің ас блогы да уақытша жабылды. Тексеру кезінде онда су жылытқыштың істемейтіні, орталықтандырылған суық сумен жабдықтау жүйесінің жоқтығы және резервуарда су қорының болмағаны анықталды. Санитарлық-гигиеналық нысандардың жағдайы қанағаттанарлықсыз болып, қолжуғыштар су жоқтығы мен кәріз жүйесінің бітелуіне байланысты жұмыс істемеген.
Жедел шара қолдануға негіз болған бұзушылықтардан бөлек, мамандар көптеген санитарлық нормалардың сақталмағанын анықтаған.
Мысалы, санитарлық тораптардың айналасы қоқысқа толы болған. Дезинфекциялау құралдарын пайдалана отырып күнделікті тазалау жүргізілмеген, әжетханалар маңынан қоқыс, пайдаланылған дәретхана қағазы, салфеткалар мен нәжіс қалдықтары табылған, ал асхана жанында тұрмыстық қалдықтар үйіліп қалған.
Ұйықтайтын корпустардың санитарлық жағдайы да қанағаттанарлықсыз деп танылған. Санитарлық тораптарда жуу және дезинфекциялау құралдары болмаған, күнделікті ылғалды тазалау сапасыз жүргізілген. Матрастар, жастықтар, көрпелер, пледтер мен төсек-орын жабдықтары лас болып, жағымсыз иіс шыққан.
Сонымен қатар, ұйықтайтын корпустардан сынған терезелер табылған, балаларға арналған ауыз судың қоры мен бір реттік стакандар болмаған.
Ас блогында су қыздыруға арналған электр қазаны және тоңазытқыш жабдықтары істен шыққан, оның ішінде тәуліктік сынамалар сақталатын құрылғылар да бар.
Тексерушілер азық-түлікті сақтау ережелерінің бұзылғанын да анықтады: шикі құс еті, сиыр еті және тауық жұмыртқалары пісірілген қарақұмық ботқасымен бірге сақталған.
Шайға арналған шыны ыдыстардың жарылғаны және жарықтары бары, сондай-ақ олардың дұрыс жуылмай, бетінде майлы қара қабат қалғаны анықталды. Ас блогында дайын тағамдардың тәуліктік сынамалары алынбаған, қызметкерлер санитарлық киіммен қамтамасыз етілмеген.
Ең алаңдатарлық жағдайлардың бірі зертханалық талдау нәтижелері болды.
—Зертханалық зерттеу нәтижелері бойынша дайын тағамдар техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Атап айтқанда, қайнатылған қызылшадан жасалған салат пен вермишель сорпасынан ішек таяқшасы бактериялары табылды. Сонымен қатар, сыртқы орта объектілерінен алынған сүртінділердің 50%-ынан да ішек таяқшасы анықталған. Ол стакандардан, бірінші және екінші тағамға арналған табақтардан, нан кесетін тақтайшадан, тұздық құятын ожаудан, гарнир елеуішінен, нан сақтайтын сөре мен ыдыстан, сондай-ақ тарату және ас ішетін үстелдерден анықталған, — деп хабарлады Қостанай облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.
Анықталған бұзушылықтар бойынша жеке кәсіпкерге ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігіне сәйкес 346 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Сондай-ақ барлық анықталған бұзушылықтарды жою туралы санитарлық ұйғарым берілді.
Қазіргі уақытта прокуратура органдарында жоспардан тыс тексеру актісі тіркелген. Бақылау шарасынан кейін мамандар бұрын қабылданған жедел шаралардың орындалуын және бұзушылықтардың жойылуын бағалайды.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде ата-аналар «Светофор» лагеріндегі балалардың жағдайына қатысты шағым айтқан болатын. Ол кезде ақпаратқа облыстық білім басқармасы мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті түсініктеме берген.
Сондай-ақ, жақында Ақмола облысындағы балалар лагерінде алты бала уланғаны белгілі болды.