«Расында, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ақпараттарға байланысты, 2017 жылдың 23 ақпанында 2014 жылы дүниеге келген баланың йогурттан уланып, қаза табуына қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Уланудың мән-жайы анықталуда. Қылмыстық істің тергеу жұмыстарын облыстық прокуратура өз бақылауына алды», - деп хабарлады Қостанай облыстық прокурорының орынбасары Әділхан Ерекешев.
Бұл қайғылы жағдай тек Қостанайды ғана емес, сондай-ақ еліміздің барлық өңірін дүрліктірді. Бұрын хабарланғандай, Қостанайдағы супермаркеттердің бірінде сатып алынған сүт өнімінен уланған 2 жасар қызды дәрігерлер бір апта бойы емдеуге тырысқан. Кейін бүлдіршінді Астанаға ұшақпен жіберген, алайда оны құтқару мүмкін болмады.
Қостанай облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті атап өткендей, қаза тапқан қыздың ата-анасынан сатып алынған өнімнің сапасына байланысты шағым келіп түспеген. Сондықтан, сатып алынған дүкенде тексеріс жүргізуге әзірге негіз болмай отыр.