Оқиға Жанкелдин ауданында болған. Астаналық екі жігіт Ақшығанақ ауылына балық аулауға келген.
«Елорданың екі тұрғыны мінген «Toyota Land Cruiser 100» маркалы автокөлігі мұз астына түсіп кетті. Балықшылар көлік ішінен шығып үлгірген. Біреуі оқиға орнында қалып, екіншісі көмек сұрау үшін жақын ауылға жол тартқан. Ақшығанақ ауылына дейін 35 шақырым жерде оған жергілікті учаскелік инспектор Дидар Әбілдә кезігеді. Олар бірден оқиға орнына келді. Алайда, бұл уақытта автокөлік толығымен су астында қалған», - делінген ведомствоның баспасөз хабарламасында.
Участкелік инспектор бірден құтқару жұмыстарын ұйымдастыруға кірісті. 10 шақты ауыл тұрғынын тиеп, оқиға орнына жүк көлігін алып келді. Барлығы жұмылып, «Джипті» мұз астынан шығарды. Ал балықшыларды Астана қаласына таксиге отырғызып жіберді.
Облыстық ТЖД облыс тұрғындарын барынша абай болуға шақырады. Себебі, қазіргі уақытта қар еріп, мұз жұқара бастады. Құтқарушылар күн жылып, жер кепкенше балық аулаудан бас тартуды ұсынады.