Қостанайда барлық мектеп қашықтан оқитын болды
АСТАНА. KAZINFORM — Оқушылар 25 қарашадан бастап қашықтан оқытуға ауысады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Қостанай қаласының білім бөлімі сабақтарды уақытша қашықтан оқыту форматына көшіретінін хабарлады. Бұл шешім ЖРВИ мен тұмау жағдайларының көбеюіне, соның ішінде оқушылар мен педагогтар арасында қайта сырқаттану деректерінің артуына байланысты қабылданды.
25 қарашадан осы аптаның соңына дейін Қостанай қаласындағы 37 жалпы білім беретін мектеп онлайн-форматта жұмыс істейтін болады. Бұл шара білім беру процесінің барлық қатысушысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және денсаулығын сақтау мақсатында енгізіліп отыр. Апта қорытындысы бойынша өңірдегі эпидемиологиялық жағдай қайта қаралады, содан кейін оқу форматы бойынша келесі шешім қабылданады.
Облыстағы жағдай
Білім басқармасының мәліметінше, Қостанай облысында 79 мектептің 907 сыныбы қашықтан оқып жатыр, бұл — 18 135 оқушы.
Өңірде барлығы 440 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді, онда 113 167 бала білім алады. Онлайн-форматқа толық көшкендер:
Қарабалық ауданындағы 3 мектеп;
Алтынсарин ауданындағы 5 мектеп;
Қостанай ауданындағы 3 мектеп;
Камысты ауданындағы 1 мектеп.
Қалған білім беру ұйымдарында эпидемиологиялық шекті деңгейден асқан жекелеген сыныптар ғана қашықтан оқуға ауыстырылды.
Колледждердегі жағдай
Облыста 33 ТжКБ ұйымы жұмыс істейді (26 мемлекеттік, 7 жеке).
2025 жылғы 24 қарашадағы жағдай бойынша 20 984 студенттің 3 578-і сырқаттанып, ауруханаға тіркелген (17%).
Толықтай қашықтан оқуға көшкендер:
Қостанай қызмет көрсету саласы колледжі — 30,15% науқас;
Қостанай политехникалық жоғары колледжі — 30,85% науқас.
Жекелеген топтары қашықтан оқуға ауыстырылған оқу орындары:
Қостанай индустриалды-педагогикалық колледжі — 4 топ;
Қостанай құрылыс колледжі — 1 топ;
Қостанай жоғары педагогикалық колледжі — 2 топ;
Қостанай жоғары колледжі — 10 топ.
Қашықтан оқытуға көшіру бір инкубациялық кезең ішінде топ немесе сынып құрамының 30%-дан астамы сырқаттанған кезде жүзеге асырылады.
Бұған дейін Қарағанды облысында 30-ға жуық сынып қашықтан оқитынын жазған едік.