Қостанайда бас дәрігер мас күйінде көлік жүргізгені үшін қамауға алынды
ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM — Қостанай облыстық ауруханасының бас дәрігері көлік жүргізу құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды деп жазды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Қостанай облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі облыстық аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушысына қатысты автокөлікті алкогольдік мас күйде басқарғаны үшін сот әкімшілік қамау жазасын тағайындағанын растады. Оқиға 22 маусымға қараған түні, жеке уақытта, демалыс күні болған.
Басқарма бұл оқиғаны азамат ретінде мінез-құлық нормаларын бұзу деп бағалап отыр, бірақ кәсіби міндеттерін атқарумен байланысты емес екенін атап өтті.
— Сот шешімі орындалған соң, қызметкермен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, тиісті кадрлық шешім қабылданады. Біз әрбір азаматтың, лауазымына және мәртебесіне қарамастан, жеке жауапкершілікке ие екенін және заң алдында бәрі тең екенін айтқымыз келеді, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасында.
Облыстық соттың баспасөз қызметі бас дәрігерге 15 тәулік әкімшілік қамау және 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы тағайындалғанын мәлімдеді.
Сот отырысында ер адам өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтқан. Іс материалдарында медициналық куәландыру қорытындысы, тоқтату орнынан бейнежазба және полиция қызметкерлерінің рапорты ұсынылған. Медицина мамандарының қорытындысына сәйкес, жүргізуші жеңіл дәрежедегі алкогольдік мас күйде болған.
Еске салайық, аймақта ішімдікке құмарлық өзекті мәселеге айналып барады. Себебі, әр төртінші қылмыс алкогольдің салдарынан болып жатыр. Бұл «статистикамен» Қостанай облысы елдегі ішімдікті тұтыну бойынша көш бастап тұр. Мәселені қалай шешуге болады, тәуелділіктің себебі не деген сұрақтарға Kazinform тілшісі жауап іздеп, сараптап көрген еді. Толығырақ мына сілтемеде.