Қостанайда бейімдеу орталығынан қашқан екі бала Рудныйға жаяу бармақ болған

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының полициясы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығынан кетіп қалған балаларды тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Рудныйлық екі жасөспірім отбасы өмірлік қиын жағдайда болғандықтан арнайы мекемеге орналастырылған.

11 жасар баланың орталыққа келгеніне шамамен бір ай болса, 12 жасар екіншісі екі күн бұрын ғана келіпті.

Тәрбиешілер балалардың жоғалғанын байқай сала бірден полицияға жүгінді.

Оларды іздеуге полицияның бүкіл жасағы бағытталып, сауда орталықтары, қала жағалаулары мен саябақ аймақтары тексерілді.

Сауда орталығының күзетшілері бейнекамераны қарап, жасөспірімдерді сауда залынан көргенін айтты.

Кейін олар Рудный қаласына жету үшін автотұрақтан көлік іздеген.

Қостанай қаласы полиция басқармасы криминалдық іздестіру бөлімінің бастығы Жандос Кенжебековтің айтуынша, іздеу жұмысы осы ауданда топтастырылған.

Кәмелетке толмаған екі бала автобекет маңынан табылды, олар көрші қала Рудныйға жаяу бармақ болған.

Қазіргі уақытта жеткіншектер кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына қайтарылды, олармен психолог мамандар жұмыс істеп жатыр.