Қостанайда бір жылда 5 мыңнан астам көлік шығарылды

ҚОСТАНАЙ. Өткен жылы облыс бойынша автоөндіріс 2,4 есеге өскен. Бұл туралы әкімдікте өткен жиында облыс әкімінің орынбасары Ерлан Спанов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ерлан Спановтың сөзінше, 2017 жылы 95,3 млрд теңгенің өнімдері өндіріліпті. Өткен жылы облысқа құйылған инвестиция көлемі 3%-ға артқан. Ал сыртқы қаржыландыру 2 есеге ұлғайтылып, алғаш рет 200 млрд теңгеден асты. Бұл - үдемелі индустрия бағдарламасының шеңберінде ашылған кәсіпорындардың үлкен жетістігі.

«AllurGroup компаниясына қарасты «СарыарқаАвтоПром» ЖШС өткен жылы 5300 жеңіл көлік құрастырған. Сондай-ақ, IVECO маркалы 410 дана автобус шығарылды. Көліктердің сапасы шетелдік компаниялардың өнімдерінен кем емес. Мұны сатып алушылардың сұранысынан байқауға болады. Қоғамдық көліктердің басым бөлігі бүгінде Астана қаласында, жолаушылар тасымалдау ісіне жұмылдырылған. Өткен жылы зауытта 1200 дана «Ravon» және 1000 дана Қытайдың «JAC» бренді өндіріске шықты»,-дейді Е. Спанов.

Облыс басшысы Архимед Мұхамбетов өндіріс көлемін арттырудан бөлек, шетелге өнім өткізу жағын қолға алу қажеттігіне баса назар аударды.

  «Былтыр «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің арқасында біраз автобустарымыз сатылымға шығарылды. Биыл да сол үдеден төмендемей, сатылым көлемін бір деңгейде ұстауымыз қажет. Біріншіден, барлық аудан, қала әкімдері жергілікті өнімді сатып алулары керек. Басқа облыстарға да ұсындай ұсыныспен шығуды тапсырамын»,-деді аймақ басшысы.

 Кеңесте Қостанай автоөндірісінің өңірге инвестиция тартуға белсенді түрде араласып келе жатқандығы айтылды. Мәселен, өткен жылы ғана Қытайдың экспорт және импортпен айналысатын мемлекеттік China National Machinery IMP. & EXP. CORP компаниясы AllurGroup («СарыарқаАвтоПром» ЖШС - авт.) компаниясымен бірлескен келімге қол қойған болатын. Осы арқылы Қостанай автокөлік құрастыру зауытына 22,4 млн доллар инвестиция тартылды.