Қостанайда бокстан әйелдер арасында халықаралық турнир өтіп жатыр

АСТАНА. Тамыздың 4-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қостанайда өтіп жатқан бокстан әйелдер арасындағы халықаралық турнирдің алғашқы нәтижелері белгілі болды.

Қостанай қаласының «Мұзды» спорт сарайында өтіп жатқан турнирде боксшы қыздар Социалистік Еңбек Ері, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, партияның XXV, XXVI, XXVII-ші съездерінің делегаты, Ленин орденінің екі мәрте иегері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Кәмшат Дөненбаева атындағы жүлде үшін бақталастыруда.

Оған Қазақстанның барлық облыстары мен Астана және Алматы қалаларынан, сондай-ақ Ресей, Қырғызстан мен Үндістаннан келген былғары қолғап шеберлері қатысуда. Тамыздың 3-інде басталған турнир осы айдың 7-сіне дейін жалғасады.

Кеше 46, 57 және 60 килә салмақ дәрежесі бойынша алаңға 11 жұп шықты. Намысты қолдан бермеген Қазақстан Ұлттық құрамасының (ҚҰҚ) барлық боксшысы турнирдің алғашқы күнін жеңіспен аяқтады. Олар - Дина Елубаева (Астана), Назым Қызайбай (Алматы), Шахноза Исаханова (Қызылорда), Сәния Сұлтанқызы (Астана), Гүлжайна Иббіниязова (Ақтөбе), Әлия Әбдрайымова (Астана), Оксана Королева (Қарағанды) және Нүрия Ғарифуллина. Сондай-ақ Елена Лежебока (Ресей), Дарья Борискина (Ресей) мен GioGio Rumi (Үндістан) жеңісті жолдарын жалғастырады.

Бүгін 48, 51, 54 және 64 киләдағы салмақ бойынша барлығы 7 жұп қолғап түйістіреді.