Қостанайда егіс алқабының жай-күйін арнайы аппараттар қадағалайды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайдағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындары «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша заманауи технологияларды пайдаланып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қарабалық ауданындағы «Астық индустриясы агрохолдингі» басшысы Дәулет Ахметқалиевтің сөзінше, шаруашылықты цифрландыру бойынша жұмыстар басталып кетті.

«Мемлекет басшысының биылғы Қазақстан халқына жолдауында ауыл шаруашылығы саласын цифрландыруға баса назар аударды. Бұл тұрғыда «Астық индустриясы агрохолдингі» егін шаруашылығын автоматтандыруға алғашқы қадамын жасады. Холдинг құрамына кіретін «Тоғызақ элеваторы» ЖШС жылына 140 мың тонна астық және ұнтақталған жем сақтауға қауқарлы. Аталған серіктестік өндірісте экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін алу үшін заманауи технологияларды пайдалануда», - деді Ахметқалиев.

Сонымен, «Астық индустриясы агрохолдингі» адам еңбегін шығындамай, дала жұмыстарын жеңілдету үшін «ГеоСкан-201 Агро» деп аталатын ұшатын аппаратты пайдаланбақ.

«Бұл аппарат аэрофототүсірілім жүргізіп, егістердің жай-күйі, сақталу деңгейі, ылғал мен қоректік элементтер туралы нақты уақыт режимінде ақпарат береді. «ГеоСкан-201 Агро» көрсеткен деректер  негізінде вегетациялық индекстерді зерттеу картасы құрылады. Мұнан соң шаруалар астықтың даму фазаларын бақылай алады», - деп түсіндірді серіктестік басшысы.

Еске салсақ, Қостанай облысында 20 ауыл шаруашылығы кәсіпорны аграрлық-өнеркәсіптік кешендерді цифрландыру жобасына қатысу үшін іріктеліп алынды.