Қостанайда емізулі баласы бар әйелді ұрып-соққан полицейлер сотталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қостанай облысында адамды азаптауға қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды, деп хабарлайды alau.kz.

Қостанай облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюро департаменті Рудный аймағы бойынша ауданаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бөлімі Қарабалық аудандық ІІБ басшысының бұрынғы орынбасарларына қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады, деп хабарлады Қостанай облыстық прокуратурасының басқарма басшысы Қайрат Жүсіпов.

Қостанай облыстық прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарлағандай, сотқа дейінгі тергеу барысында ІІБ басшысының екі орынбасары 20 жастағы әйелді параға сатып алуға әрекеттенгені анықталды.

«Олар қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалана отырып, зардап шеккен әйелге азаптауға қатысты соттағы түсініктемесін өзгерту үшін 100 мың теңге ұсынған», - деп атап өтті Қ.Жүсіпов.

Қылмыстық іс Қарабалық аудандық сотының қарауына жіберілді.

Еске сала кетсек, Қарабалық ауданында екі полиция қызметкері емізулі баласы бар әйелді ұрып-соғып, азаптаған. Сот шешімімен олар қылмыс жасауда кінәлі деп танылды. Сот олардың біріне үш жарым жылға бас бостандығынан айыру мен құқық қорғау органдарында және мемлекеттік қызметпен айналысу құқығын үш жылға шектеу жазасын тағайындады. Сондай-ақ, ол полиция аға лейтенанты атағынан айырылды.

Екінші сотталушы үш жылға түрмеге тоғытылып, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығы үш жылға шектелді. Ол да полиция майоры атағынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енді.