Қостанайда индустриялық аймақ ашылды

Фото: None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Облыс орталығында өнеркәсіп әлеуетін арттыру үшін құрылған индустриялық аймақ өз жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов мұндағы лифт зауытының құрылысымен танысып, кешеннің әкімшілік кеңсесін ашты.

 

«Индустриялық аймақтың негізгі мақсаты - жеке кәсіпкерлерді қолдап, отандық және шетелдік өндіріс нысандарының жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау. Бұл өнеркәсіп алаңы шетелдік инвесторлардың қызығушылық арттырады деп ойлаймын. Олар осыдан-ақ облыс әлеуетін және Үкіметтің қолдауын көре алады. Біздің облыстың географиялық орналасуы кез келген кәсіпке қолайлы. Қазақстанның солтүстік облыстары мен Ресей Федерациясының шекаралас аймақтарында 25 млн-ға жуық халық бар. Бұл - үлкен нарық. Әрбір өнімге сұраныс жоғары. Сондықтан бұл ісіміз өз жемісін беретініне сенімдімін», - деді Архимед Мұхамбетов.

 

Бұдан соң өңір басшысының төрағалығымен Қостанай облысындағы кәсіпкерлікті дамытуға және инвестиция тартуға арналған жиын өтті. Мәжіліске көршілес Ресейдің «VEK» лифт зауытының басшылары қатысты. Олар зауыттың келешегін талқылады. Құрылыс жұмыстары қарқынды басталды. Жоба құны - 900 млн теңге. Цех жылына 700-ге жуық өнім шығаруға қауқарлы. Қазірдің өзінде тапсырыстар қабылдап жатыр. Әуелі Қазақстанның ішкі нарығын, кейін ТМД көлемін қамтамасыз етуді көздейді.

   

«Біз индустриялық аймақтың 2 мың шаршы метр аумағында лифт шығаратын зауыт саламыз. Қазіргі уақытта қажетті жабдықтарды алып қойдық. Бірлескен кәсіпорындағы лифт өндірісінде Қазақстан үлесі 60%-ға жетеді. Жаңа жоба табысты және сұранысқа ие болады. Бизнес жоспар 5 жылға шақталған», - деп атап өтті ресейлік «VEK» кәсіпорнының директоры Михаил Молочников.

 

Басқосуда Ресейден келген инвесторлар өз ойларын ортаға салды. Олар ақша құюға ынталы. Алдағы жылдан бастап, нақты жобалар қолға алынбақ.

 

Бұл аумақта жыл сайын әртүрлі өндіріс ошағы ашылатын болады. Алдағы 5 жылда 10 кәсіпорын тұрақты жұмыс істеуі тиіс.

Соңғы жаңалықтар