Қостанайда қала күні қалай тойланады

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай қаласының әкімдігінде 16-19 тамызға жоспарланған қала күніне арналған мерекелік іс-шаралар жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін қалалық әкімдікте өткен аппарат кеңесінде Қостанайда қала күні қалай тойланатыны белгілі болды.
«Қала күнін мерекелеу 16 тамызда басталып, 4 күнге созылады. Халыққа ыңғайлы болу үшін қаланың бірнеше алаңында жаппай мерекелік іс-шаралар өтеді. Қостанайлықтар мен қала қонақтары үшін экскурсиялық автобустар, ретро дискотека, шығармашылық ұжымдардың өнер көрсетуі, кітап және көркем көрме-жәрмеңкелер жоспарланған.
Этнофестиваль аясында ауқымды бағдарлама қарастырылған. Бұл - «Turkfest» республикалық фестивалі, Қызылорда және Қостанай ансамбльдерінің фольклорлық ұжымдарының қойылымдары, стильденген ұлттық киім топтамаларын ұсынатын «Zeken Moda» қазақстандық брендінің этношоуы. Бұдан бөлек, Алматыдан келген «Орда» этножобасының қазақ батырлары өз бағдарламасын ұсынады»,-деп баяндады қала әкімінің баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ шығармашылық, жастар, спорт және ойын алаңдары ұйымдастырылады.
Қала күнін мерекелеуге шақырылған қонақтар қатарында диджей Рублев, The Jigits, Tanir&Tyomcha, Kalifarniya бар. Қала күнінің басты хэдлайнері - белгілі орындаушы Jah Khalib.
Қала күнін мерекелеуді дәстүрлі отшашумен аяқтау жоспарланып отыр.