Қостанайда кәмелет жасқа толмаған тағы бір қыз іздестірілуде

None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында еріктілер жоғалып кеткен Қостанай қаласының маңындағы Затобол кентінде тұратын 15 жастағы Гүлмира Салықова туралы ақпараты бар парақшалар таратуға кірісті.

«Одноклассники» әлеуметтік желісінде бір аптадай Гүлмира жоғалып кеткені - қажетті заттарды алып үйден кеткені туралы хабар таратылып жүр. Ол үйге оралмады. Хабарламада оған сипаттама берілген: «Бойы 160 см, ұзын, қара шашты, ұлты қазақ. Капюшоны бар қара теріден жасалған күрте, қара джинсы шалбары мен жасыл кроссовки киген».

Қыздың анасы Алмагүл Салықова қыз жоғалғаннан кейінгі күні полицияға хабарлағанын айтқан. Бүгінге дейін іздеулер еш нәтиже бермеді.

Еріктілер болса бүгін Қостанайда жиылып, іздеу операциясына қатысу мәселесін талқылады.

Еске сала кетейік, Рудныйда жоғалған 7 жасар қызды іздеу үшін құрылған еріктілер қозғалысы полицейлер таба алмаған қыздың денесін тапқан еді.