Облыста карантин режимі және санитарлық тәртіп-талаптың сақталуын 91 мониторинг тобы бақылайды. Оның құрамында қала-аудан әкімдіктерінің, «Атамекен» ҰКП-ның мамандары, жергілікті полиция қызметкерлері, БАҚ өкілдері бар. Мониторингтік топ мүшелері өткен демалыс күндері арнайы рейд ұйымдастырып, 436 бизнес нысанға тексеру жүргізген. Нәтижесінде 9 нысанның карантин режімін бұзғаны анықталып отыр. Мәселен, Қостанай қаласындағы «Ладога» кафесі жұмыс режімінің шектелуіне қарамастан, демалыс күндері де клиент қабылдаған.
«Облыста карантин тәртібі белгіленгеніне қарамастан той тойлап, отбасылық отырыс жасаушылар азаймай тұр. Әсіресе ауылдық мекендерде жиі бұзылуда. Мәселен, Жангелдин ауданының Шеген ауылында, көпшілік жиындарға тыйым салынғанына қарамастан, ас берілген. Дәл осы ауданға қарасты Көкалат ауылының тұрғыны 30 адамды қонақ етіп, 70 жасқа толған мерейтойын атап өткен. Сондай-ақ, Қостанай ауданының Мичурин ауылындағы моншаның шектеу қойылған уақыт ішінде 8 адам қабылдағаны анықталып отыр. Рейд нәтижесі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды», делінген облыстық полиция департаментінің мәліметінде.
Жалпы 6 қараша мен 7 желтоқтан аралығындағы рейд шаралары барысында 10 619 нысан тексеріліп, 1448 тәртіп бұзушыға жалпы сомасы 54 млн теңге болатын 897 айыппұл салынды.
Облыс әкімі жанындағы жедел штаб Қостанай облысының тұрғындарын карантин талаптарын қатаң сақтауға шақырады.