Қостанайда қарға малтыққан автобустағы балалар құтқарылды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат -  Қостанайда Рыспай кентінің жанында мектептің шағын автобусында болған балаларды қар құрсауынан   құтқару операциясы жасалды.

Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі хабарлады.

Көлік  Рыспайдан Талапкер кентіне бара жатқан жолдан шыға алмай қалған. Балалар үйлеріне жеткізілді. Автобуста 7 бала болған.

Төтенше оқиға жайлы Солтүстік өңірлік аэромобильді жедел құтқару жасағына хабарлама түсті. Құтқарушылар «ТРЭКОЛ» маркалы жол талғамайтын көлікпен келіп жетті.
 

Аз ғана уақыттың ішінде олар автобусты қардан шығарып, баратын жеріне жеткізді. Сол көлікпен құтқарушылар қар басқан жолда жеңіл машиналар жүргізушілері мен жолаушыларға да жәрдемдесті. Жасақ басшысының орынбасары Сергей Шмидт хабарлағандай, олар Рыспай, Белозерка, Балықты кенттері аумағында қарға батып қалған. Барлығы 22 адамға көмек көрсетілді.