«ҚазақАвтоЖол» РМК Қостанай облыстық филиалының (ҚОФ) бұрынғы басшысы Нұрлан Молдатаев ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы («Аса ірі көлемдегі ұрлық жасау») бойынша айыпталды.
«Н.Молдатаев басқаратын «ҚазақАвтоЖол» РМК ҚОФ 2016 жылғы қараша айында «Стройгазсервис ЛТД» ЖШС-мен жалпы сомасы 174 миллион теңгеге келісім жасасқан. Олар бұл қаржыға республикалық мәні бар автожолдарға қатысты жұмыстарды орындауға тиіс болған. Молдатаев ақшаны жымқыру мақсатында облыстық ЖШС директорымен өзара келісімге келген. Онда 220 мың литр дизель отынының жұмсалғаны тек қағаз жүзінде көрсетілген», - деп мәлім етілді облыстық сотта.
Кейін, 2017 жылдың қаңтарында Молдатаев қарызды қайтару сылтауымен «ҚазақАвтоЖол» РМК Қостанай облыстық филиалына жалпы сомасы 41 миллион теңгеге 11 мың дизель отынының талонын алған. Бұл 220 мың литр сұйық отынға тең. Алайда, бұрынғы басшы талонды өз қажеттілігіне жұмсаған.
«Сот Нұрлан Молдатаевты кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол өмір бойы мемлекеттік қызметте, өзін-өзі басқару органдарында лауазымдық жұмыс атқара алмайды және жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтейді», - делінген облыстық соттың хабарламасында.