Қостанайда қоқыс полигонына өртке байланысты айыппұл салынды

Фото: Қостанай облысының полиция департаменті

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM - Қостанайдағы тұрмыстық қалдықтар полигонын басқаратын ЖШС екі мәрте әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 340 мың теңгеден астам айыппұл салынды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Қостанайдың солтүстік өнеркәсіп аумағындағы «Тазалық -2012» ЖШС-на қарасты қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны қаланың ең өзекті экологиялық және өрт қауіпсіздігіне қатысты проблемаларының біріне айналып отыр. 2025 жылдың 22 сәуірінен бастап, онда бірнеше мәрте өрт шыққан болатын. Соның салдарынан ауаға қою түтін тарап, тұрғындардың наразылығын тудырды.

Жағдай күрделеніп, өртті сөндіруге Қостанай гарнизонының күштері мен техникаларын тарту қажет болды.

– Құзырлы органдардың мәліметінше, «Тазалық – 2012» ЖШС бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. ҚР ӘҚБтК 410-бабы (өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша полигон айналасында минералдандырылған жолақ болмағаны үшін 49 150 теңге көлемінде айыппұл салынған. Сонымен қатар, Қоршаған ортаны қорғау департаменті тарапынан экологияны ластағаны үшін кәсіпорынға 294 900 теңге айыппұл белгіленген, – деді Қостанай қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Аслан Махмұтов.

Салынған айыппұлдарға қарамастан, нысандағы жағдай сол күйінде қалып отыр. Билік орындары экологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылдауды қарастырып жатыр.

Осыған дейін Қостанай облысында қайтарылған активтерге 279 шақырым су құбыры салынатыны туралы жаздық.