Бүгінде компания қоқыс таситын JAC маркалы жүк көліктерінің 9 түрін шығарып жатыр. Сондай-ақ, Iveco 682 маркалы тағы үш нұсқа құрастырылуда. Бұл көліктер коммуналдық қызметтің мұқтажын өтеуге арналған. Өткен жылы дәл осындай 96 коммерциялық көлік пайдалануға берілді.
Жалпы, «СарыарқаАвтоПром» ЖШС жыл сайын өндірісті жаңғыртып, көлік құрастыру көлемін ұлғайтып келеді. Өткен жылы тұтынушылардың сұранысымен тұрмыстық қалдықтар жинауға арналған екі сынамалы көлік шығарылған. Оның біреуі «Таза әлем-Астана» ЖШС-не берілген еді.
«Заманауи көліктердің қосалқы бөлшектері Еуропадан, Түркия мен Ресейден әкелінген. Мұндағы отандық үлестің салмағы - 35%. Қалдық тасымалдайтын көліктердің артықшылығы сол, оған қалыңдығы 6-8 мм болатын HARDOX маркалы жоғары сапалы шойын пайдаланылған. Тағы бір ерекшелігі - контейнерлер өздігінен жуылады. Ол үшін техникаға су толтырылған бак орналастырады. Көлік қоқысты түсірген соң, бос контейнер қалдықтардан тазартылады. Баламалы техноголияны қолдану арқылы өндіріске жол тартқан көліктер жеті жылдан бері Ресей Федерациясында сынақтан өткізілді және жақсы сапаға ие», - дейді «Allur Auto Astana» ЖШС сату бөлімінің бастығы Александр Цой.
Қоқыс тасымалдайтын көлік өндірісі жекеменшіктердің де тапсырысын орындайды. Мәселен, қалалық жердегі кейбір коммуналдық шаруашылықтар арнайы техниканы сатып алуға мүдделі. Оның бағасы 20 млн теңгеден басталады. Жақын арада көліктерді ТМД елдеріне сатуға шығару жоспарланып отыр. Айтпақшы, әмбебап көліктерді жеңілдетілген лизинг бағдарламасы арқылы да алуға әбден болады.