Қала әкімінің сөзінше, 2017 жылы Қостанайда тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша 5,5 млрд теңге қаражат толығымен игерілді.
«Былтыр бюджеттік қаржы мен жеке инвестициялардың есебінен 1686 пәтерлі 22 үй мен мансардты 4 қабат пайдалануға берілді. Бұған қоса мемлекет бюджетінен 1062 пәтерлі 17 үйдің салынуына ақша бөлінді. Тағы 10 үй «Бәйтерек» АҚ арқылы салынды», - дейді қала әкімі.
Ал осы жылы 27 үйдің құрылысы басталмақ. Оның 20-сы - «Юбилейный», 7-еуі «Әуежай» шағын ауданындарында тұрғызылады. Қаланың шет жағындағы «Әуежай» шағын ауданында бүгінге дейін 17 үй жұрт игілігіне берілді. Жоба бойынша 2018 жылдың аяғына дейін мұнда көпқабатты тағы 7 үйдің құрылысы басталады. Баспаналардың жалпы аумағы - 100 мың шаршы метр. Мұның сыртында былтыр 900 орындық мектеп пен екі балабақшаның құрылысы қолға алынған.
«Бұл шағын ауданда 1000 адамға арналған спорттық-көңіл көтеру кешені қолданысқа беріледі. Барлық инженерлік инфрақұрылым жүргізілген. Үстіміздегі жылдың 15 ақпанында монтаждау жұмыстары аяқталуы тиіс. Сонымен қатар «Әуежайға» жақын орналасқан су айдыны маңынан саябақ салынады», - деді Жақыпов.
Айта кету керек, бүгінде «Юбилейный» шағын ауданындағы 9 үйдің іргетасы қаланды. Оның ішіндегі 4 үй жеке инвесторлардың қаржысымен салынып жатыр. Келесі жылы қалған 11 үйдің қабырғасы қаланбақ. Жиында белгілі болғандай, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында аталған шағын ауданда 1000 орынға шақталған ұлттық-мәдени орталық бой көтереді.