Кәсіпкерлер тексерістен сәтті өткенімен, олар ұсынған құжаттар Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мамандарының күмәнін туғызған. Кейінгі тексеру барысында жүкқұжаттардағы мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтіні анықталды.
Бұл туралы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінде мәлімдеді. Алғашқы тексеру кезінде дүкендердің жұмысынан заңбұзушылық анықталмаған. Кәсіпкерлер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесі белгіленген 15 пайыздан аспайтынын растайтын құжаттарды ұсынған.
Соған қарамастан, департамент қызметкерлері жүкқұжаттардағы мәліметтердің шынайылығына күмән келтірген. Осыған байланысты ведомство ұсынылған ақпаратты тексеру үшін көтерме сауда жеткізушілеріне қарсы тексеру жүргізуді ұйғарды.
Нәтижесінде көтерме саудагерлер серіктес дүкендердің өтініші бойынша оларға қажетті баға көрсетілген жүкқұжаттарды рәсімдегені анықталды. Осылайша, бастапқыда заң талаптарының сақталғанын растаған құжаттардың шындыққа сәйкес келмейтіні белгілі болды.
Қарсы тексерулердің қорытындысы бойынша әкімшілік жауапкершілікке бөлшек сауда орындарының иелері емес, осындай жүкқұжаттарды рәсімдеген көтерме жеткізушілер тартылды.
Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті ресми түрде рәсімделген құжаттардың болуы олардың шынайылығын кейіннен тексеруге кедергі келтірмейтінін ескертті. Жүкқұжаттарға жалған мәлімет енгізгені үшін заңнамада жауапкершілік қарастырылған.
Еске сала кетейік, бұған дейін БҚО-да сауда үстемесін асыра белгілеген 9 кәсіпорын жауапқа тартылған еді.