Қостанайда құланды атқан браконьерлерді арнайы топ іздестіруде
Қостанай облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы Табиғатты қорғау бөлімінің бастығы Талғат Ахметовтің айтуынша, қылмыстық іс 3 қаңтар күні түскен.
«Құланның өлтірілгені туралы хабар «Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы» мемлекеттік қоғамдық бірлестігінен Арқалық қалалық полиция бөліміне түсті. Анықталғандай, 26 желтоқсан күні Қайыңды ауылынан 30 шақырым жерде құланның мойнына тағылған GPS қарғыбауы қозғалыссыз қалған. Негізі, қарғыбау спутник арқылы қадағаланады. Оқиға орнында құланның басы мен қарғыбауы ғана болған. Ассоциация инспекторлары жануар бөлігін суретке түсіріп, сол жерде қалдырып кеткен. Суретті ассоциацияның елордадағы кеңсесіне жіберген. Ауа райының қолайсыздығы салдарынан жануар бөліктерін де, көлік іздерін де қар басып қалған. Біздің мамандар қарғыбауды ғана таба алды. Қылмысты ашу үшін арнайы топ құрылды. Қазір ҚР ҚК-нің 337-бабымен іс қозғалды. Заңсыз аңшылық жасағандарға қатысты тергеу шаралары жүргізілуде», - деді Талғат Ахметов.
Айта кетейік, браконьерлердің қылмысы дәледенсе, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Қостанай облысында бір жыл бұрын далаға жіберілген құландардың бірін браконьерлер атып кеткен.