Қостанайда күнбағыстың жаңа сұрыптары пайда болды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайдағы ауыл шаруашылық ғылыми зерттеу институты қызметкерлері соңғы жылдары күнбағыстың 4 жаңа сұрпын шығарған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған орталықтың бас директоры, ғалым Нәбидолла Кикебаевтың сөзінше, жаңа тұқым түрлері өңірдің табиғатына бейімделген, әрі өнімділігі де жоғары.

«Күнбағыстың бұл түрлері тез пісіп-жетіледі, топырақ құнарын да бірқалыпта сақтайды. Егер дақылдың өзге түрін сұрыптауға шамамен 5 жыл жеткілікті болса, күнбағыстың тұқымына екі есе көп уақыт кетеді. Мұндай тұқым түрін шығарудағы мақсат өнімділікті арттыруда. Мәселен, «Заречное» деген сұрыптың өнімділігі бір гектардан 29 центнер болды. «Рауан» атты шемішке шығардық. Оның да өнімділігі 30 центнерге жақын. Осы тұқымдар нарыққа шықса, облыс экономикасына едәуір серпін беруі тиіс», - дейді ғалым.

Нәбидолла Кикебаев айтқандай, соңғы он жылда Қостанай облысында майлы дақыл танаптарының көлемі 16 есеге ұлғайған. Сол арқылы өңірде өңдеу нысандары көбейді. Бүгінде қостанайлықтар қолданысқа енгізген нөлдік технология тәсілімен елімізде 1,5 млн гектар алқапқа дән себіледі. Өңір ғалымдары шығарған майлы дақыл тұқымдары мен көкөніс түрлеріне шаруашылықтар тарапынан сұранысқа ие бола бастаған. Институт қызметкерлері өткен жылы 4 жаңа тұқым түріне авторлық құқық иеленсе, тағы бес өтініш қаралу үстінде.

«Біз топырақ құнарын сақтай отырып, экологиялық таза өніммен экспортқа шығуымыз керек. Облыста алқаптарды әртараптандыру жұмыстары жақсы жүргізілуде. Бұған қоса біз ұсынған күнбағыс өсіру технологиясы патент алуға ұсынылып, мемлекеттің тіркеуіне алынып отыр», - дейді Кикебаев.

Айта кету керек, Қостанайдағы ауыл шаруашылық ғылыми зерттеу институты 1984 жылы Қарабалық және Львов тәжірибе стансалары негізінде құрылған. Құрамында картоп және майлы дақылдар селекциясын, мал шаруашылығын, астық дақылдары тұқымдарын өсіру, жерді құнарландыру, танаптық жем-шөп өндірісін, дәрілік өсімдіктерді зерттеумен шұғылданатын лабораториялар жұмыс істейді.