«Мирас» облыстық мәдениет үйінде ғылым, өнер мен әдебиет, білім саласында жүрген майталмандар, дарындар марапатталады, мадақталды. Көрермендер көркемдік кеңес пен комиссияның таланттар мен өнер майталмандары арасынан кімдерді іріктегенін де білуге асығады.
Меценаттар клубы жас ерекшеліктеріне қарай 12 аталым бойынша сыйлық тағайындайды. Оның 36 жасқа дейінгілер үшін белгіленген «Шабыт» сыйлығы - 500 мың, 36 жастан жоғарылар үшін бекітілген «Қазына» сыйлығы 1 миллион теңге көлемінде. Сонымен қатар, клуб мүшелері сахнаға шығады, көптің қошеметіне бөленеді, сыйлықтарды қостанайлық таланттарға тапсыру құрметіне ие болады. Мұның барлығы да ән-күймен, бимен өрнектеледі.
Биыл қостанайлық таланттар «Қолданбалы өнер», «Музыка өнері», «Вокал өнері», «Театр өнері», «Хореография», «Әдебиет», «Журналистика», «Білім», «Шығармашылық ұжым жетекшісі», «Ауыл жанашыры» аталымдары бойынша іріктелген дарындар «Шабыт» және «Қазына» сыйлықтарының лауреаттары атанды. Олардың арасында Азамат Мұқатов секілді белгілі дәстүрлі әнші, айтыскер ақын Айбек Қалиев, «Ақжелең» фольклорлық ансамблі, Сергей Харченко, Мария Шило, Жұматай Кәкімжанов секілді журналистер де бар.
Айта кетейік, 2000 жылдан бастап, бүгінге дейін кәсіпкерлерден құралған клуб әдебиет пен өнерді, ғылымды әлеуметтік қолдау мақсатында - 399 адамға, 35 өнер ұжымына 186 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар берген екен. 16 жыл бойы тапсырылып келе жатқан беделді сыйлыққа биыл облыстағы 97 адам өз еңбегін ұсынған болатын, көркемдік кеңес іріктеп, 34 еңбекті таңдап алды. Осындай көмектің арқасында аймақтағы суретшілер шеберханаларын дұрыстады, ақындар мен ғалымдар, журналистер кітаптарын шығаруға мүмкіндік алды. Ең бастысы, сыйлық таланттар мен өнерлілерді қанаттандырады.