Қостанайда медицина қызметкері 60 мың теңгеге жүргізуші куәлігін сатып келген

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Былтыр облыс тұрғындарына 3 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Олардың дені медицина саласының үлесінде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімінің орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетовтың төрағалығымен өткен селекторлық отырыста жол қозғалысы қауіпсіздігі мен денсаулық сақтау саласында көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын арттыру мәселесі талқыланды. Былтыр облыс тұрғындарына 3 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның тең жартысынан астамы денсаулық сақтау саласына тиесілі. Мұны сала басшысы Вячеслав Дудник айтты.

«Қостанай қаласындағы №4 емханаға келушілерге қолайлы жағдай жасалған. Емхананың фойесі жаңартылып, арнайы фронт-кеңсе іске қосылды. Нәтижесінде дәрігер қабылдауына электронды түрде кезекке жазылу жүйесі жолға қойылды», - дейді ол.

Ал «Қостанай облысының азаматтық альянсы» ҚҚ төрайымы Динара Өтебаева «Қостанай - адалдық алаңы» жобасының аясында денсаулық сақтау саласына жүргізілген қоғамдық бақылау нәтижелері мәз емес дейді.

«Бақылау шараларының нәтижесінде 20 шақты заң бұзу дерегі анықталған. Мәселен, Таран ауданының орталық ауруханасында жүргізуші куәлігі сатылып келді. Аурухананың қабылдау бөліміне қоңырау шалып, медициналық анықтама сұраған «құпия сатып алушыға» аурухана қызметкері 60 мың теңгеге жүргізуші куәлігін сатып алуды ұсынған», - деді Д.Өтебаева.

Жиынға қатысушылар аудиотаспаға жазылып алынған «құпия сатып алушы» мен дәрігердің телефон сұқбатын тыңдады.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Салауат Мүксімовтің сөзінше, қазір мұндай жағдайлар аз кездеспейді. Сондықтан азаматтарға жүргізуші құжатын беріп, автокөлік нөмірлерін тіркейтін мамандандырылған қызмет көрсету орталықтары аудан орталықтарында да ашылуы тиіс.

«Көлік саласындағы жемқорлық түбегейлі жойылу үшін тіркеу-емтихан қабылдау бөлімшелері жабылып, ол атқарып келген міндет мемлекеттік корпорацияға жүктелуі керек. Қазірше Әулиекөл, Федоров аудандарының тұрғындары ғана Мемлекеттік корпорация арқылы жүргізуші куәлігі мен көлік нөмірін алып, автокөлігін тіркеуге қоя алады. Бұл мәселе Жітіқара, Қарабалық, Ұзынкөл аудандары мен Лисаков, Арқалық қалаларында шешілмей тұр», - деп түсіндірді департамент басшысы.

Сонымен қатар «Қостанай - адалдық алаңының» «Құпия сатып алушылары» әлеуметтік желі арқылы ұсынылатын қызмет түрлеріне де сараптама жасаған. Нәтижесінде «ОЛХ», «ВКонтакте», «Инстаграмм» желілерінде дайын курстық және диплом жұмыстарын сататын 19 тұлға анықталған.

Облыс әкімінің орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов бұл бағытта әлі де қыруар шаруа атқару қажеттігін айта келіп, аудан әкімдері мен мүдделі сала басшыларына тіркеу-емтихан қабылдау бөлімшелерін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының құзырына өткізу шарасын жеделдетуді тапсырды.