Қостанайда мемлекеттік қызмет көрсету орталығы ашылды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Облыс орталығында «Өзгерістерді өзіңнен баста» бағдарламасы аясында мемлекеттік қызмет көрсету орталығы ашылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Жыл өткен сайын тұрғындар тарапынан мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты шағымдар көбейіп келеді. Сол себепті ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі мемлекеттік қызмет көрсету орталығын ашты.
«Халықтың сапалы қызмет алуына мүмкіндік жасау мемлекетіміздің басты ұстанымына айналды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Өзгерістерді өзіңнен баста» кіші бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Қазақстанның барлық аймақтарында осындай орталықтар ашылуда. Қандай да бір даулы мәселелерді, құжат рәсімдеуді, орталықтың аты айтып тұрғандай, қызмет саласындағы барлық сұрақтарды заңды тұрғыда шешуге бағытталған. Орталық «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеп, мемлекеттік қызмет көрсету саласы мен халықтың байланысын нығайтып, екі арада көпір қызметін атқаратын болады. Сондай-ақ орталық тұрғындарға цифрлы қолтаңба беру және электронды қызметтер туралы толық ақпарат береді», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин.
Атап кететін жайт, бұл орталықтың қызметкерлері жалпы қызмет көрсетумен ғана шектелмейді. Азаматтардың құқықтарын қорғау жөнінде әзірленетін құжаттарды дайындауға көмектеседі және тұрғындардан түскен басқа да мәселелер мен ой-пікірлерді жинақтайды. Бұл орталықтағы үш орынның екеуіне департамент қызметкерлері, бір қызмет «Connection Point», яғни, халықтың электронды қызмет алуына, соның ішінде бос мемлекеттік қызмет орындарына өту үшін аттестация тапсыруына бағытталған.
Сондай-ақ, бүгін Қоғаммен байланыс департаментінің мамандары Заречный ауылының жұртшылығымен, Затобол кентіндегі Н.Наушабаев атындағы орта мектептің оқушыларымен кездесті. Тұрғындар мемлекеттік қызмет ісіне қатысты сауалдарын қойып, агенттік мамандарынан кеңес алды. Өз кезегінде меймандарға өңірдегі «Нұрлы жер» бағдарламасының орындалу барысы таныстырылды.