Қостанайда мердігерлер қалың жауған қарды күреп үлгермей жатыр

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM - Биылғы қарлы қыс қар шығару проблемасын қиындатып жіберді. Жаяу жүргіншілер жолы, тротуарлар қар құрсауында қалды. 

Фото: Kazinform

Қостанайлықтар бірнеше рет әлеуметтік желілерде осы жағдайды айтып, шағымданды.

Қардың уақтылы әкетілмеуіне мердігер ұйымдар жұмысының дұрыс ұйымдастырылмауы себеп болған. 

— Қаланың мердігер ұйымдары қар шығарып үлгермеді. Шағым жасалып, орындаушыларға жіберілді. Енді мәселе шешілді деп айтуға болады. Мердігерлер материалдық-техникалық базаны нығайтты. Тротуардағы қар белсенді күреліп жатыр, — деп атап өтті қалалық ТКШ бөлімінің көгалдандыру секторының меңгерушісі Алтынбек Қайратұлы.

Облыс орталығында қар жинайтын 4 полигон жұмыс істейді.

Олар — Дружба кентінің, бұрынғы химзаводтың маңы, Тобыл қаласындағы «Горизонт» ЖШС полигоны, сондай-ақ Тартабан ауданының аумағы.

— Бізде қар полигоны жеткілікті. Бөлінген аумақта техника жұмыс істеп жатыр. Осы жылдың басынан бері барлығы 265 мың текше метр қар шығарылды. Аумақты кеңейту немесе жаңа полигон ашуға келетін болсақ, қазіргі уақытта ондай проблема жоқ, бізде бар полигонға бүкіл қар сыяды, — деп түйіндеді сектор басшысы.