Қостанайда Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай ескерткіш ашылды

Фото: Жаслан Жұмабеков

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM - Мемлекет басшысының тапсырмасымен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған ескерткіштің ашылуына қатысты.

Көрнекті қайраткер, Алаштың аяулы перзентінің еңселі ескерткіші Қостанай қаласында бой көтерді.

Салтанатты іс-шара барысында Мәжіліс спикері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

Фото: Жаслан Жұмабеков

– Төл тарихымызда азаттық үшін аянбай күрескен, ұлттың рухын көтеруге өлшеусіз үлес қосқан тұғырлы тұлғалар аз емес. Соның бірі әрі бірегейі – Міржақып Дулатұлы. Ол қазақтың асқақ арманы мен мұң-мұқтажын терең түсініп, ел мүддесіне қалтқысыз қызмет етті. Жұрттың сана-сезімін жаңғырту жолында еңбек етіп, жасампаз рухтың жаршысы болды. Адамзатқа ортақ құндылықтарды кеңінен дәріптеп, жастарды өнер-білімге үндеді. Міржақып Дулатұлы әдебиетімізді жаңа деңгейге көтеруге зор еңбек сіңірді. Халқымыздың біртуар перзентінің қайраткерлік қасиеті мен азаматтық ұстанымдары өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге болары сөзсіз, – делінген Президент құттықтауында.

Фото: Жаслан Жұмабеков

Салтанатты іс-шараға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Мәжіліс депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен жергілікті жұртшылық қатысты. Қазақстанның Халық жазушысы Төлен Әбдік пен М.Дулатұлының жиені Ерлан Сатыбалдиев сөз сөйлеп, Алаш қайраткерінің рухына тағзым етті.

Өз кезегінде Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов айтулы іс-шараның маңыздылығына тоқталды. 

– Ұлт руханиятының ұлы тұлғасы, Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, жазушы, ағартушы Міржақып Дулатұлы – азаттық жолында бар ғұмырын арнаған асыл тұлға. Оның мұрасы – жас ұрпақ үшін мәңгілік өнеге, рухани шамшырақ.

Жаңа ескерткіш – өңіріміздің рухани келбетін байытып, өскелең ұрпақты елжандылыққа тәрбиелейтін тағылымды орынға айналады деп үміттенемін, - деді облыс әкімі. 

Жалпы, Міржақып Дулатұлының 140 жылдығы облыс, республика деңгейінде кең ауқымда атап өтіліп жатыр. Бүгін Торғай ауылында халықаралық ат марафоны «Ұлы дала жорығы» аламан бәйгесі басталады. Тұлпарлар Тобыл-Торғай даласын дүбірлетіп, 500 шақырымдық марафонда бақ сынайды.

Фото: Жаслан Жұмабеков

Бұдан бөлек, міржақыптануға арналған ғылыми конференция мен дүлдүл ақындардың басын қосқан республикалық айтыс өтеді.

Мәжіліс спикері бұл айтулы іс-шаралар мемлекеттің, ұлтының Алаш арысына берген бағасы, көрсеткен құрметі екенін атап өтті.

Фото: Жаслан Жұмабеков

– Біз қазір де тарихи, тағдырлы шақта өмір сүріп жатырмыз. Алаш арыстары аңсаған Тәуелсіздікке қолымыз жетті. Еңселі ел болдық. Соңғы жылдары Президенттің жүйелі, кешенді реформалары халқымыздың жан жақты қолдауын тауып отыр. Елдегі оң өзгерістер қоғамның болашаққа деген сенімін нығайтып келеді. Біздің бүгінгі мақсатымыз – Әділетті, Қуатты, Таза және Қауіпсіз Қазақстанды құру. Айналып келгенде, кешегі Алаш арыстарының да, бүгінгі біздің де арман-аңсарымыз осы, – деді Ерлан Қошанов.

Фото: Жаслан Жұмабеков
Фото: Жаслан Жұмабеков

Осыған дейін Қырғызстанда Абай Құнанбайұлының құрметіне көше атауы беріліп, ескерткіш орнатылғаны туралы жазған едік.