Қостанайда мүгедек жанды автобус басып кетті
11:31, 22 Сәуір 2014
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Жолаушылар автобусының астына түсіп кеткен 45 жастағы Қостанай тұрғыны қаза тапты. Оқиға 21 сәуірде қаладағы Алтынсарин көшесінің бойындағы «Березка» аялдамасында орын алған.
Көз жұмған адам аялдамаға автобустан түскен жолаушы екен.
Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Юрий Панасенко хабарлағандай, куәгерлер жолаушының сол аяғында ортопедиялық корсет болғанын және ол таяқпен қозғалғанын айтқан. Кейін бұл адамның үшінші топтағы мүгедек екені белгілі болды. Жүргізуші автобустан шыққан жолаушы жаяу жүргіншілер жолымен жүргенін айтты.
«Сәлден соң жүргізуші көлік доңғалағының бірдеңеге тіреліп қалғанын сезген. Айнаға қараған ол автобустың оң жағындағы артқы доңғалақтың тұсында жатқан адамды байқаған» - дейді Ю.Панасенко.