Қостанайда мүгедектердің құқығын бұзған мекемелерге қомақты айыппұл салынды

Фото: None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанайда мүгедек жандардың құқығын бұзған мекемелерге 2,9 млн теңге айыппұл салынды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің басшысы Мұрат Мұратбеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мұрат Мұратбековтің айтуынша, 2015 жылдан бастап департамент мүгедектерді әлеуметтік қорғау және арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы заңнамалардағы талаптарды бақылайды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейту туралы тапсырма берді. Осыған байланысты біз облыс аумағында мүгедек адамдардың құқықтарын сақтау, мүгедектігі бар тұрғындарға қолжетімді кедергісіз орта құру жұмыстарына белсенді кірістік. ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, мемлекеттік бақылауға кешенді іс-шаралардан бөлек, жоспардан тыс тексерулер жатады. Профилактикалық бақылау тізбесі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен бекітілген тізімдегі объектілерде ғана жүргізіледі», - дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, жоспардан тыс тексерулер жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын бұзу, адам денсаулығына, қоршаған ортаға, мемлекеттің заңды мүдделеріне зиян келтірудің нақты фактілері негізінде жүргізеді.

«2020 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, спорт, қызмет көрсету және көліктік қызмет көрсету салаларындағы объектілерде бұзушылықтарды анықтау бойынша 69 бақылау іс-шарасы өткізілді» дейді Мұрат Мұратбеков.

Профилактикалық бақылау шеңберінде 711 заңбұзушылық анықталған, олқылықтарды дұрыстау үшін 48 нұсқама берілді.

Департамент мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын бұзған мекемелерге 2,9 млн теңге әкімшілік айыппұл салды. Қазір оның 2,7 млн теңгесі төленді.

Жүргізілген жұмыс нәтижесінде ерекше қажеттіліктері бар 1500-ге жуық адамның құқығы қалпына келтірілді.


Соңғы жаңалықтар