Қостанайда науқас шабуылынан ауыр жарақат алған дәрігер жансақтау бөліміне жатқызылды
АСТАНА. KAZINFORM - Қостанай облыстық ауруханасының жедел жәрдем қабылдау бөлмінде науқас хирургке шабуыл жасады, деп хабарлайды Kazinform.
Облыстық ауруханада төтенше жағдай болды. Жедел жәрдем бөлмесінде тексеру кезінде науқас хирургке шабуыл жасады. Дәрігер жансақтау бөліміне жатқызылды.
Облыстық аурухананың баспасөз қызметі кезекті операцияны аяқтаған дәрігер кезекте тұрған науқастарды қарау үшін жедел жәрдем бөлмесіне түскен.
Кезегін күтіп тұрған науқастардың бірі жанжал шығарған. Алдын ала мәлімет бойынша, үшінші кезекте тұрған ер адам дәрігерге шабуыл жасап, соққыға жыққан. Содан кейін дәрігер есін жоғалтқан. Қазіргі уақытта ол ауыр халде жансақтау бөліміне жатқызылды.
Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Тергеу шаралары жүргізілуде, оқиғаның мән-жайы жақын уақытта анықталады.
Облыстық аурухананың баспасөз қызметі бұл оқиға жай оқыс оқиға емес, күн сайын адам өмірін құтқаратын кәсіп өкілдеріне жасалған қылмыс деп бағаланатынын баса айтты.
Бұған дейін Қарағанды облысында ер адам дәрігерлерге шабуыл жасаған болатын.