Мереке қарсаңындағы автошеруге тек қана нәзік жандылар қатысты. Автошеру Жеңіс паркінен басталып, «Астықжан» сауда орталығында мәреге жетті. Іс-шараның шарты бойынша бойжеткендер жол қозғалысы ережелерін сақтап, мәреге бірінші жетуі тиіс. Нәтижесінде, барлық талаптарды орындаған Екатерина Кожевина жеңіске жетті. Ол Lada Kalina көлігін тізгіндеген болатын.
Сондай-ақ, Анна Захарченко, Бибігүл Хасен, Ақшолпан Хайруллина сынды нәзік жандылар үздік көрсеткіштерге қол жеткізді.
«Автошеруге қатысқан 21 арудың көлігі техникалық талаптарға сай болды. Олар мәреге дейін жол-патрульдік полициясы қызметкерлерімен бірге жүрді. Әр қатысушы автокөлікті өздерінің қалауы бойынша безендірді», - деді Қостанай облысы жастар ресурстық орталығының директоры Айгүл Абдулина.
Жастар орталығы таратқан хабарламаға қарағанда, мұндай автошерулер енді дәстүрлі түрде өткізіледі.