Қостанай облысының прокуроры Марат Сексембаевтың төрағалығымен еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы заңнаманың сақталуына арналған Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.
Прокуратура мәліметінше, өндірістік жарақаттанудың жалпы деңгейі төмендегенімен, жазатайым оқиғаларды есепке алу және тергеп-тексеру сапасында бірқатар мәселе бар.
Медициналық ұйымдардың 22 хабарламасы бойынша арнайы тергеп-тексеру жүргізілмеген. Ал тергеу тәртібінің бұзылуына байланысты 8 іс бойынша қабылданған шешім сот арқылы жойылған.
Бұдан бөлек, ауыр және адам өліміне әкеп соққан жазатайым оқиғалар болған 9 кәсіпорын тиісті профилактикалық шаралармен қамтылмаған.
— Осыған байланысты полиция мен Еңбек инспекциясы департаментінің ақпараттық базаларын ықпалдастырып, мәліметтерді тұрақты түрде салыстырып отыру ұсынылды. Сондай-ақ прокуратура азаматтардың еңбек құқықтарына қатысты 1,5 мыңнан астам өтініштің толық қаралмағанын анықтады, — делінген хабарламада.
Анықталған барлық заң бұзушылық бойынша прокуратура прокурорлық ден қою шараларын қабылдады.
Еске салайық, бұған дейін жұмыс орнында жарақат алған ақтөбелік 10 млн теңге өндіріп алғанын жазғанбыз.