Өнерлілер арасында өткен жарысты «Дерек» қоғамдық қоры мен облыстық мәдениет, спорт басқармалары ұйымдастырды.
Турнирге 20-40 жас аралығындағы отыздан астам әуесқой спортшы қатысты. Айта кетейік, жарысқа келгендерден түскен қаржы Жанкелдин ауданының орталығында тұратын сегіз жасар Ақерке Жексенбайға көп функциялы есту аппаратын сатып алуға жұмсалмақ.
Сонымен, боз кілемге шыққан әуесқой палуандар түрлі салмақ дәрежесі бойынға күш сынасты. Екі топқа бөлініп белдескен палуандар арасында 65 келіден жоғары салмақта Талғат Әлқожа бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды Қалыбек Әли еншіледі. Үшінші орынға Дастан Беков жайғасты. Ал ауыр салмақта белдескен топ арасынан Ерлан Қасымов суырылып алға шығып, «Өнер барысы» белдігін жеңіп алды. Еркебұлан Құрметов тиісінше екінші орынды еншілесе, Бағдат Нұрмұхамбетов жүлде көмбесінің үшінші сатысына көтерілді.
«Рухани жаңғыру» дегеніміз ескерткіш орнату, не болмаса ағаш егу емес, ол - сананың жаңғыруы. Бүгінгі турнир осындай мақсатта ұйымдастырылғанын айта кету керек. Жобаны қолға алған Төленді Әлқожа тәрізді азаматтарға алғысым шексіз. Ұлттық өнер, төл спорт осындай жанашыр адамдардың арқасында дамиды»,- деді турнирдің салтанатты марапаттау рәсімінде облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.
Айта кеткен жөн, «Өнер барысын» қолдауға «МузартLIVE» тобының әншісі Серікболсын Кішкенбаев пен Әміре сияқты жас эстрада жұлдыздары келіп, жанкүйерлер алдында өнер көрсетті. Осылайша, олар да кішкентай Ақеркені қолдауға шама-шарықтарынша өз үлестерін қосты.