Қостанайда орман алқабы өртеніп, жүк көлігі жанып кетті

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының бірнеше шаруашылық алқабынан өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қостанай ауданында «Алтын-Гүл» балалар лагерінің жанында «Пригородное» КММ аумағында қарағайлы орман жанды. Өрт 30 га алқаптты шарпыған. Орманның жалпы ауданы 19 мың га құрайды», - делінген ведомство таратқан хабарламада.

Орман алқабында өрт салдарынан «ГАЗ-66» жүк көлігі жанып кетті. Өрттің нақты себептері анықталуда.

5 мамырда Жітіқара ауданындағы «Мичуринец» бақша қоғамында құрғақ шөп тұтанып, 20 гектар жерді өрт шарпыды. Ол өрши келе саяжай үйлеріне тиген. Ұзын саны 72 үй тілсіз жау құрсауында қалған. Абырой болғанда, жапа шеккен адамдар жоқ. Өрттің себебі анықталуда.

Осыған ұқсас оқиға Лисаков қаласының «Урожайный-2» бақша қоғамында болды. Мұнда 16 саяжай үй өртенген. Алау шарпыған ауқым - 96 шаршы метр. Зардап шеккендер жоқ.