Қостанайда пара алу ісіне қатысты адвокат кепілмен босады
Жауапқа тартылған адвокаттың аты-жөні көрсетілмеген. Оның тек пара беруге делдалдық жасағаны аталып өтілген. Аталмыш қылмыстық істің Қостанай облыстық мемлекеттік кірістер департаментіндегі жемқорлыққа қатысы бар.
Бұрын хабарланғандай, МКД экономикалық тексеру қызметінің жедел қызметкері ірі көлемде пара алғаны үшін қамауға алынған.
«Үстіміздегі жылдың 9 ақпанында адвокат өзінің клиентіне соңғы жедел-іздестіру іс-шараларын тоқтатып, оны қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін Қостанай облыстық МКД ЭТК қызметкеріне ол арқылы 5 млн теңге сомасындағы ақшалай қаржы беру керектігін хабарлаған, - делінген облыстық сот баспасөз қызметінің хабарламасында. - Сонымен қатар, адвокат МКД қызметкеріне пара ретінде тек 3 млн теңге бермекші болған, ал қалған қаржыны өзі жымқырғысы келген».
Клиент адвокат арқылы ақша беруге келісіп, 2017 жылдың 13 ақпанында сағат 20:00-дер шамасында оған 5 млн теңге береді. Адвокат келесі күні таңертең МКД қызметкеріне 3 млн теңгені жеткізеді. Адвокат өз клиентінің сеніміне қиянат жасап, қалған 2 млн теңге көлеміндегі қаржыны жымқырады.
Сот үдерісі барысында адвокатты қорғау үшін кепіл түріндегі бұлтартпау шарасын қарастыру туралы өтініш мәлімделді. ҚР ҚК 145-бабының 3-тармағына сәйкес, күдікті М. депозитке 500 АЕК (1 млн 134 мың 500 теңге) көлеміндегі кепіл сомасын төледі.
Адвокат өз кінәсін толықтай мойындады.
Барлық жағдайды ескере отырып, ҚР ҚК 148-бабының 7-тармағына сәйкес, сот күдіктіге қатысты кепіл түріндегі бұлтартпау шарасын қарастырды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.