Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 16 мамыр күні Денисов ауданы Фрунзе ауылының тұрғындары 38 жастағы әйелдің үстінен шағымданып, полицияға арыз жазған. Әйел аулада ойнап жүрген балаларға дауыс көтеріп, мазасын алған. Оқиға орнына келген уческелік полицей әйелдің әрекетін ұсақ бұзақылық деп бағалап, ҚР ӘҚК 434-бабы бойынша хаттама толтырып, сотқа жібереді.
«Осы күні тәртіп сақшысы сотқа шақыру қағазын тапсыру үшін әйелдің үйіне келген. Құқық бұзған әйел полицейді балағаттап, ар-ожданына нұқсан келтірген. Мұнан соң тәртіп сақшысы қылмыстық кодекстің «Қызметтік міндетін атқарып жатқан билік өкілін қорлау» бабы бойынша іс ашады. Сот шешімімен әйел 40 сағат қоғамдық жұмысқа тартылып, айыппұл төледі», - делінген полицияның ақпаратында.
Облыста жыл басынан бері билік өкіліне тіл тигізгендерге қатысты 43 іс қозғалып, оның 30-ы сотқа жіберілген. Тағы 3 азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр.