Қостанайда полицейге тапанша кезеген күдікті ұсталды

Фото: None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат - Қостанай қаласында тәртіп сақшысына оқ атпақ болған 25 жастағы күдікті қамауға алынды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қостанай қаласы ІІБ кезекші бөліміне қала тұрғыны хабарласып, жұбайынан арашалауды өтінеді. Отбасылық ұрыс-керіс болып жатқан үйге учаскелік инспекторлар мен жол-патрульдік полициясының қызметкерлері жіберіледі.

«Алайда, мас күйде болған отағасы тәртіп сақшыларын үй ауласына кіргізбеді. Оларды балағаттап, сәлден соң, қалтасынан газ тапаншасын суырып полицейлерді көздеген. Тәртіп сақшылары кәсіби іс-әрекеттерінің арқасында күдіктіден қаруды тартып ала білді. Бұл факт бойынша ҚР ҚК 380-бабы, 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды», - деп хабарлады облыстық ІІД баспасөз қызметіндегілер.

Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, оған 2000 АЕК (4 млн 458 мың теңге) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар