Қостанайда полицейлер кәмелетке толмаған екі дропперді анықтады

Фото: polisia.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанайда полиция қызметкерлері алаяқтық әрекетке қатысы бар екі кәмелетке толмаған жасөспірімді анықтады.

Polisia.kz-тің мәліметінше оқиға телефон қоңырауынан басталған.

Бейтаныс адамдар жергілікті тұрғынға оның келіні жаяу жүргіншіні қағып кетті деп хабарлап, мәселені шешу үшін 7 миллион теңге талап еткен. Алайда жәбірленушінің қолында тек 2 мың доллар болған. Қатты үрейленген әйел ақшаны белгіленген адамға табыстаған. Кейін туысымен сөйлескеннен кейін ғана оның ешқандай жол апатына қатысы жоқ екенін білген.

Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер 17 жастағы екі жасөспірімді ұстады. Олар ақшаны басқа валютаға айырбастап, өзге шоттарға аударып үлгерген.

Сондай-ақ сол күні дәл осындай схема бойынша тағы 1 миллион теңге жымқырылғаны анықталды, бірақ бұл жағдайда жәбірленуші әлі табылған жоқ.

Тергеу барысында алаяқтардың Telegram арқылы «жұмыс» ұсынғаны белгілі болды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, күдіктілердің басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.