Қостанайда республикалық ән байқауы мәреге жетті

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда композитор Қалибек Деріпсалдин әндерін орындаушылардың республикалық «Көктем-қыздар» атты ән байқауының гала-концерті  аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Республикалық ән байқауы Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда өтті. Оған Батыс Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Ақмола, Ақтөбе және Қостанай облыстарынан 20 өнерпаз қатысты. Құрамында Ермұрат Үсенов, Бейбіт Дәлденбай, Ғазиза Жұмекенова, Назымбек Молдахметов сияқты музыка мамандары бар әділқазылар алқасы әншілердің өнерін екі күн бойы саралады.

 Сонымен, байқаудың үшінші орыны Гүлбақыт Жаңбырбаева (Қостанай), Азамат Мұқатов (Қостанай), Әлім Әмірғазиндерге (Ақмола) бұйырды. Ал екінші орынның жүлдесін ақтөбелік Нұртас Омаров пен қостанайлық Қанат Ражанов бөлісті. Батыс Қазақстан облысынан келген Дәрия Бақытова мен Дастан Есентеміров бірінші орынға ие болса, байқаудың бас жүлдесі тараздық Жанатбек Қадыровқа тапсырылды.

 Осы кеште Қостанай облысы әкімі аппаратының басшысы Арман Әбенов Қалибек Деріпсалдинге облыс әкімінің құттықтау хатын тапсырды. Сондай-ақ, сазгерге Амангелді ауданының әкімі Нұржан Өтегенов пен Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының бастығы Мирлан Қызылов сый-сыяпат жасады. Мұнан соң байқау жеңімпаздары жергілікті композиторлардың әндерін орындады.

 «Мен өмірімнің 45 жылын ән өнеріне арнадым. Оған қоса биыл 65 жасқа толамын. Осынау айрықша датаны жұрт сияқты шығармашылық кеш беріп атап өтуге болар еді, бірақ халықтың есінде қалатындай ерекше дүние жасағым келді. Содан республикалық ән байқауын өткізуді қолға алдық. Жалпы, осы жылдың аяғында Астанада жеке концертімді бергім келеді. Бұған Тобыл-Торғай топырағының өнерпаздарын ертіп апарамын. Оған Қостанай облыстық мәдениет басқармасы көмектесеміз деп уәде етіп отыр. Бұрын Астана, Алматы, Қарағанды, Көкшетау, Петропавл, Орал, Атырау, Шымкент, Тараз қалаларында жеке концертімді бердім. Тағы бір жаңалық, жүзден астам әнім топтастырылған «Тобыл-Торғай әуендері» атты екінші ән жинағым жарыққа шықты», - деді сазгер агенттік тілшісіне берген сұхбатта.
 
 Айта кетейік, Қалибек Деріпсалдин ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының тәрбие жұмысы бөлімінде қызмет атқарады. Ол - Қостанай облысы, Аманкелді ауданының Құрметті азаматы, әнші-сазгер. Композитордың жетекшілігімен академия қабырғасында 20 курсанттан құралған домбырашылар ансамблі, 200 курсанттан тұратын «Шырақбек ата» хоры жұмыс істейді.