Қостанайда республикалық оқытушылар байқауы өтті
Игі шараны Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығы ұйымдастырды. Екі күнге созылған білім сайысына елдің әр өңірінен 14 оқытушы келді. Олар - өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқытып жүрген тәжірибелі ұстаздар. Сынға түскен оқытушылар байқауының алғашқы күні қатысушылардың әрқайсысы А.Байтұрсынов атындағы университет қабырғасында ашық сабақ өткізді. Сайыс екінші күні «Мирас» мәдениет үйінде жалғасты. Мұнда ұстаздар өздері алдын ала дайындап әкелген электронды әдістемелік құралдарымен таныстырып, көпшілік алдында қазақ тілін оқытудың заманауи әрі тиімді үлгілерін көрсетті. Сондай-ақ байқау шарты бойынша берілген педагогикалық-психологиялық жағдаяттар бойынша тапсырмаларды орындап, қазылар қойған сауалдарға жауап берді.
Байқау қорытындысы бойынша, Қарағанды облыстық тілдерді дамыту орталығының оқытушысы Динара Қуанбаева бас жүлдені жеңіп алды. Ал бірінші орынды Қостанай аудандық тілдерді дамыту орталығының оқытушысы Тоты Айтмағамбетова иеленді. Екінші орын «Орал-Сервис» технологиялық колледжі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Әділхан Сұлтановқа бұйырса, қызылордалық Перизат Ізбасарова мен алматылық Шолпан Әбділда үшінші орынды өзара бөлісті.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы оқытушылар байқауы еліміздің әр өңірінде жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұрады.