Қостанайда шекарашы иттерді неге сатып жатыр

Фото: Freepik

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандықтар желіде шекарашылардың қызметтік иттерін электронды сауда арқылы сату мәселесін қызу талқылап жатыр. ҰҚК Шекара қызметінде 10 жыл бойы ел шебін күзеткен овчаркалар 935 теңгеге бағаланған.

Электронды сайтта Қостанай облысы бойынша Шекара қызметі департаментінің тізімінде тұрған бірнеше неміс, шығыс еуропалық және бельгиялық овчаркалар пайда болды. Сатушы ретінде Қорғаныс министрлігіне қарасты «Қазспецэкспорт» кәсіпорны көрсетілген

Фото: sauda.e-qazyna.kz

Желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі адал серік болған жануарлардың мұндай төмен бағаға бағаланғанына налыса, енді бірі бұл оларды ұйықтатып тастағаннан әлдеқайда қайырымды шешім екенін айтып жатыр.

Фото: sauda.e-qazyna.kz

— Өте өкінішті, сенімді серіктің жылдар бойғы қызметінің құны 500-900 теңге болғаны ма? — деп жазды оқырмандардың бірі.

Алайда, көпшілік бұны иттерге лайықты «зейнетке» шығу мүмкіндігі деп бағалайды. Олардың пікірінше, иттерді мемлекеттік мекеме асырай алмағандықтан, жақсы адамдардың қолына бергені дұрыс.

Фото: sauda.e-qazyna.kz

Құжаттарда иттердің биыл 10 жасқа толғаны және қызметтен босатылуына физикалық белсенділіктің төмендеуі және созылмалы аурулардың пайда болуы себеп деп көрсетілген.

Көптеген ит 935 теңгеге бағаланған. Тек «Майра» есімді неміс овчаркасының бастапқы құны 2719 теңге деп белгіленген. Алты жануардың жалпы бағаланған құны 7394 теңге.

Фото: sauda.e-qazyna.kz

Айта кетейік, электронды сауда ертең, 2026 жылдың 20 ақпанында сағат 10:00–де басталады.

Фото: sauda.e-qazyna.kz

Бұған дейін, Павлодарда иісшіл иттердің көмегімен 200-ден астам қылмыс ашылғанын жазған едік.