Қостанайда шина қалдықтары қайта өңделіп, кәдеге жаратылады

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысының Рудный қаласында «Еділ и компания» ЖШС-нің пайдаланылған автомобиль шиналарын қайта өңдеу зауыты іске қосылды, деп хабарлайды Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Жоба «Жасыл даму» АҚ қолдауымен жүзеге асырылып, еліміздегі экологиялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі саналады.

— Жобаның жалпы құны 354,5 млн теңгені құрайды. Қаржыландыру кәдеге жарату алымы қаражаты есебінен қамтамасыз етілді. Кәсіпорын пайдаланылған шиналарды қайта өңдеу арқылы қалдықтарды тиімді басқару жүйесін дамытуға үлес қосады, — делінген министрлік хабарламасында.

Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Аталған жоба «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясында іске асырылып, қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға, қалдықтарды қайта өңдеу үлесін арттыруға және өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.

«Жасыл даму» АҚ алдағы уақытта да «жасыл» экономиканы дамытуға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жобаларды қолдауды жалғастырады.

Осыған дейін автокөлік шиналарын таңдағанда неге мән беру керек екенін айтқан едік.